Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусты қайта жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелгенін хабарлады. Бұл туралы ол тілшінің жолдаған сауалына берген жауабында мәлімдеді.

«Науқаста бірінші жағдайда да аурудың толық клиникалық картинасы болған. Індет барлық инструменталдық-лабораториялық талдаулармен дәлелденген. Қазан айында ол осы аурумен қайта түсіп, ПТР-тестінің нәтижесі оң болып шықты. Бұл жағдай елімізде қайта ауырған жағдай деп тіркеліп отыр», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, Батыс Қазақстан облысында тіркелген екінші жағдай қазір ДСМ жанындағы эпидемиологиялық комиссиямен қаралып жатыр. Бұл науқастың бірінші рет ауырған кездегі эпидемиологиялық анамнезі белгісіз. Сондықтан әзірге мамандар бұл жағдайды қайта ауырды деп есептемей отыр.