Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне төлем төлеуді аяқтау жолдарын қарастыруда. Індет жұқтырған медицина қызметкерлерінен жаңа өтінімдер қабылданбайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

«2020 жылдың 20 қазанынан бастап аймақтық комиссиялардың медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерге жаңа өтінімдерді қабылдау тоқтатылды. Яғни, кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде індетті жұқтырған 12 983 медицина қызметкерінің ішінен жағдайы расталған 9 309-ы төлем алады», - деді М.Шоранов.

Олардың 95%-ы бұл ақшаны алды. Қалғандарына 23 қазанға дейін төленеді. Бүгінгі таңда COVID-19 қайтыс болған медицина қызметкерлерінің 182 отбасы да өтемақы алды. Бұл төлемдер сақталады.

«Медицина қызметкерлері жұмыс орнында зақымданған жағдайда, қолдау шаралары медициналық ұйым мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілуі тиіс, бұл медицина қызметкерлерін қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге қосымша түрткі болады», - деп нақтылады бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, COVID-19-ға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлерінің ай сайынғы еңбекақысына үстемеақылар төлеу жалғасуда, оған жыл соңына дейін қосымша 137 млрд теңге көзделген. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің назарында. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерін жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету бойынша үш айдан астам қор қалыптастырылды, барлық медициналық ұйымдарда бүгінде санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы, «таза» және «лас» аймақтарға бөлу, адамдар ағынын бөлу және т.б. тексерілуде.