Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу тәртібі түсіндірілді. ТКШ саласын реттейтін заңға енгізілген түзетулер өткен жылдың басында қабылданды. 2 қаулы және 16 нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Негізгі қағидат – «бір үй - бір бірлестік - бір шот» - «мүлік иелерінің бірлестігін» немесе жай серіктестікті құруды білдіреді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді.

«Мүлік иелерінің бірлестіктері немесе жай серіктестік институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Әділет министрлігінің деректері бойынша бүгінгі күні басқарудың 1 132 жаңа нысаны құрылды. Олардың басым бөлігі Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Басқарудың жаңа нысандарын құрудың төмен пайызы халық жиналыстарын өткізуді шектейтін карантиндік шараларға байланысты», - деді Е.Дауылбаев.

Оның айтуынша, тұрғын үй қатынастары саласындағы реформалар азаматтардың шағымдары мен наразылығынан туындаған. Көп пәтерлі тұрғын үйді толық басқару үшін меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін әр пәтер иесінің құрамы мен үлесін анықтай отырып тіркеуі керек. Көп пәтерлі үйдің тұрғындары жалпы мүлікке назар аударып, мұқият болу керек. Ал бұл өз кезегінде Тұрғын үй қорын сақтауға мүмкіндік береді.