Конституция күніне орай елордада негізгі іс-шара ретінде халықаралық конференция өткізу жоспарланған. Оның тақырыбы «ХХІ ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі». Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.

Бірақ конференция шеңберінде азиялық Конституциялық соттар қауымдастығының 4-ші конгресі, конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығының және Азиялық Конституциялық соттар мен баламалы институттар қауымдастығы мүшелері кеңесінің отырыстары, сондай-ақ Азиялық Конституциялық соттар қауымдастығының Бас хатшыларының кездесуі өткізіледі. Шараға ондаған елдің өкілдері жиналады.

Сонымен қатар, форумға халықаралық ұйымдардың өкілдері, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, сондай-ақ белгілі отандық және шетелдік ғалымдар шақырылды.

«Талқылау тақырыбы үлкен қызығушылық тудырады. Қазіргі заманғы сын-қатерлер, оның ішінде коронавирустық пандемиямен байланысты мәселелер халықаралық және ұлттық құқықтық базаны дағдарыс жағдайындағы талаптарға сәйкестігі, қоғамдық, мемлекеттік және жеке мүдделердің ақылға қонымды тепе-теңдігін қамтамасыз ету тұрғысынан терең түсіну қажеттілігін өзекті етті. Осыған байланысты, конституциялық әділет органдарының көпшілігіне өкілдік ететін әлемнің барлық континенттерінің жетекші заңгерлері одан әрі конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын болады», - деп атап өтті Нұрмұханов.

Конференция барлығына ашық және онлайн режимде өтеді.