Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі жұмыртқа өндірумен айналысатын 35 фабрика бар. Олардың қуаттылығы жеткілікті және ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алады.

«Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысындағы өңір құс фабрикалары өңір сұранысын қамтамасыз етіп, өнімді басқа да аймақтарға сата алады. Қазіргі кезде құс тұмауының таралу жағдайы бақылауға алынды», - деді АШМ өкілі журналистің қойған сұрағына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда жылына 5 млрд 400 мыңнан астам жұмыртқа және 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Жұмыртқа бойынша Қазақстан ішкі нарықтың сұранысын артығымен, 106 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, жылына 500 млн. астам жұмыртқа экспортқа шығарылады.