Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник жаңашылдықтар жайлы баяндады. Оның айтуынша, құжатты қабылдау үшін барлық мемлекеттік органдар, депутаттар, қоғамдық ұйымдар көп жұмыс істеген.

Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді: азаматтардың құқықтары мен бостандықтары құқық қорғау органдарының көрсеткіштеріне бола зардап шекпеуі керек. Адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын негізгі іс жүргізу шешімдерін келісу міндетін прокурорға заң жүзінде жүктеу керек. Прокурорлық қадағалауға келетін болсақ, ол кеш жүргізіледі. Прокурорлар істің мән-жайымен сотқа жіберер алдында ғана танысады.

Прокурорлық қадағалау алдын алу сипатында болуы, заңдылықтың бұзылуын дер кезінде анықтау және жолын кесу үшін қылмыстық іс жүргізу заңнамасына осы түзетулер енгізіледі.

Атап айтқанда, прокурормен күдікті ретінде тану туралы, іс-әрекетті саралау және қайта саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін тоқтату туралы қаулылар келісілетін болады. Сондай-ақ, қылмыстық істі тоқтату немесе бұйрық өндірісін қолдану туралы барлық негіздер бойынша қудалауды тоқтату. Сонымен қатар, прокурор қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, айыптау актісін бекітеді.

«ҚІЖК көрсетілген новеллалар күдіктілердің, айыпталушылардың ғана емес, жәбірленушілердің де құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады. Бұл прокурордың жауапкершілігін арттыру үшін қажет және оның өкілеттіктерін кеңейтумен байланысты емес. Қабылданған нормалар қылмыстық процестің бәсекелестігі мен ашықтығын күшейтуге бағытталған. Енді процеске қатысушылардың пікірін ескере отырып, өндірісті электрондық форматта жүргізуге рұқсат етіледі. Сотқа дейінгі процесс органдарының негізгі шешімдерін, оның ішінде электрондық тәртіппен келісу рәсімі жеңілдетіледі. Тергеу барысында айғақтары сақталған куәлар мен жәбірленушілерді шақыруға және жауап алуға рұқсат етіледі», - деді Василий Олейник.

Сонымен қатар, тергеу судьясының қаулысына шағымдану үшін негіздер кеңейтілуде, мұндай бұрын болмаған. Егер судья процеске қатысушылардың ісін қарастырған болса, одан бас тартуға болады. Бұл апелляциялық және кассациялық сатыға қатысты. Адвокаттарға істі егжей-тегжейлі зерттеуге қосымша уақыт беріледі.