Пандемия жоспарларымызға түзетулер енгізді, бірақ Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің арқасында жағымсыз салдарды азайту мүмкін болды. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 3,5%-ға, ауыл шаруашылығында 3,1% - ға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға 47,4 мыңға дейін өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

Оның айтуынша, 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс экономикасына 181 млрд теңгеден астам инвестиция салынды – бұл өткен жылдың деңгейіне қарағанда 70%-ға жуық.

«Төмендеу себептері объективті. Өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру аяқталды, олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен 30%-ы тиесілі болды. Сонымен қатар, биылғы жылы енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға тартылған инвестициялар көлемі қысқарды, бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті. Өкінішке орай, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің қысқару үрдісі сақталып отыр (82,9%), бұл өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне (88,2%) әсер етеді. Бұл жерде бізде тікелей тәуелділік бар, өйткені тау-кен өндіру саласының үлесіне барлық өнеркәсіптік өндірістің 70%-дан астамы тиесілі. Сондықтан мұнай өндіру көлемін қысқарту біз үшін үлкен проблема болып қалып отыр. Оның үстіне, мұнай саласында 12 мыңнан астам адам еңбек етеді», - деп түсіндірді өңір басшысы көрсеткіштердің төмендеуін.

9 айда өндірудің төмендеуі 750 мың тоннадан асты, жер қойнауын пайдаланушылардың болжамдары бойынша жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 1 млн тонна мұнайдан асады.

«Сондықтан Шу-Сарысу шөгінді бассейнінің жер қойнауын зерттеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, өңдеу саласын дамытумен айналысамыз. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында құны 554 млрд теңгеден асатын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл шамамен 7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы бір жобаны іске асыруды аяқтадық. Арал ауданында тауарлы балықты терең өңдеу цехы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін балықты терең өңдейтін тағы бір зауыт пен сол аудандағы кварц құмын байытатын тау-кен байыту комбинатын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деп сендірді Әбдіқалықова. Келесі жылы бағдарлама аясында жалпы құны 52 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ірі зауыттардың айналасында ілеспе өндірістер құру мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда, әйнектің айналасында кемінде 8 өндіріс пайда болады - шыны талшық, айналар, шыны ыдыс және контейнерлер. Ал кальцийлендірілген сода өндіретін ірі зауытты іске қосу арқылы ас содасын, жуу құралдарын, еріткіштер шығаратын өндіріс құрылады. Құрылыс 2021 жылдың наурыз айында басталады. 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.