Жақын арада Қызылорда облысында балық экспорты жаңа деңгейге шығады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың баяндамасынан белгілі болды. Оның айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, оны іске асыруға 28 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау көзделген.

«Өңірде 55 тауарлы балық шаруашылығын, 10 тоған және 4 торлы ферманы іске қосу жоспарланған. Бұл тауарлық балық көлемін 34 есеге арттыруға мүмкіндік береді, ал балық өнімдерінің экспорты қазіргі 4,2 мың тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін өседі», - деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, ол ішкі нарық үшін өнім өндіретін кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келе жатқанын атап өтті. Макарон өнімдері, бұқтырылған қой еті, сиыр еті мен жылқы етінен консервілер өндірісі іске қосылды. Бұдан басқа, келесі жылы қуаты жылына 1 500 тонна ет өндіретін құс фабрикасын, испан технологиясы бойынша ас тұзын өндіретін үшінші цехты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауытты іске қосу, 1 200 бас ірі қара мал өсіру кешенін және сүт өңдеу зауытын кеңейтуді аяқтау жоспарланып отыр.