Мерейтойлық даталарды мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі белсенді жұмыс атқаруда. Бұл туралы халық алдындағы есеп беру кездесуінде министр Ақтоты Райымқұлова баяндады.

Спикердің айтуынша, 2020 жылы қазақтың көрнекті ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың мерейтойы, сондай-ақ әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіледі.

21 қаңтарда «Астана Опера» театрында Ұлы Абайдың мерейтойының ресми ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар бекітілді. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазір Абай мұражай-үйінде, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығын толыққанды ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құру тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы 18 объектіде жұмыстар жүргізілуде.

Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында елде және шетелде оның еңбектері әлемнің 8 тіліне аударылып, басылып шығарылады, Прагада Абайдың мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. Братислава, Будапешт, Берлинде «Абай оқулары", көрмелер, дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Биыл қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесері өтеді. Әл-Фарабидің 150 жылдық мерейтойына қарай Отырар қалашығында Солтүстік қақпаларды, қамал қабырғаларын, тұрғын кварталдарын, магистральды көшелерді, мешіттерді және керамикалық шеберханаларды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Әл-Фарабидің экспозициялық залын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, үш тілде 7 томдық еңбектері жарық көрді.

Ал, қыркүйек айында "Мұғалімнің оралуы" деректі фильмінің тұсаукесері жоспарланған.