ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтарын берудің салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімді аша отырып, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы атынан құттықтау жеделхатының мазмұнын еліміздің БАҚ өкілдеріне кәсіби мерекесі қарсаңында жария етті. БАҚ өкілдерінің Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту ісіне қосқан үлесін атай отырып, ел Президенті өзінің құттықтау жеделхатында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының «еститін мемлекеттің тұжырымдамасы» қағидаттарын іске асырудағы үлесін ерекше атап өтті.

«Сіздердің жарияланымдарыңыз бен сюжеттеріңіз адамдардың ой-пікірлерін, ұмтылыстары мен үміттерін көрсетеді. Сіздер қоғамда болып жатқан оқиғалардың бел ортасынан табылып, халықпен біргесіздер. Бұдан басқа, кәсіби біліктілігіңіз бен дағдыларыңыздың арқасында сіздер еліміздің әлемдегі озық және дамыған елдердің қатарына кіруіне ықпал етесіздер», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау жеделхатында.

Салтанатты іс-шара барысында Дәурен Абаев сыйлықтардың лауреаттары мен грант иегерлерін, ел Президентінің атынан алғыс алған шығармашылық ұжымдарды құттықтады.

Мемлекет басшысының Өкімімен сыйлық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбайға, «Хабар» арнасының аналитикалық бағдарламалар бөлімінің бас редакторы Александр Трухачевке берілді.

Мемлекет басшысының атынан гранттар: «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының тілшісі Альбина Әшім, «Хабар» телеарнасының аналитикалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Мақпал Мадияроваға, «Semei» телеарнасының тележүргізуші редакторы Маржан Нұрушеваға, «Азаттық рухы» ақпараттық агенттігінің редакторы Жандос Смайыловқа тапсырылды.

Президенттің алғысы «Казахстанская правда», «Ана тілі» республикалық газеттерінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының Маңғыстау облыстық филиалының ұжымдарына жарияланды. Сондай-ақ, көптеген өңірлік журналистер Мемлекет басшысының атынан алғыс хатқа ие болды.

Д.Абаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне құттықтау сөзінде, сапалы журналистика бүгінгі күні жаһандық сын-қатерлер мен қауіп-қатерлер алдында кез келген қоғамның беріктігін құрайтын ең мықты құрал екенін атап өтті. «Кез келген өзгерістер кезінде әрдайым бір– бақ, институт ретінде, қоғамдық қауіпсіздіктің анықтаушы факторына айналады. Осы себепті Мемлекет басшысы "БІЗ БІРГЕМІЗ" онлайн-форумы барысында дәрігерлермен, полицейлермен және еріктілермен қатар журналистерді пандемиямен күресте кейіпкерлер ретінде бөлек атап өтті», - деп толықтырды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.