ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ТЖ кезіндегі әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат берді.

Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда ТЖ енгізілуіне байланысты өз табыстарын жоғалтқан тұлғаларға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем шарасы енгізілді. Сондай-ақ, осы төлемдерді алу тетіктері кеңейтілді. 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер:

  • жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген шағын және орта бизнестің жалдамалы қызметкерлері. Бұл тізімде карантиндік қалалардағы ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері де бар;
  • жеке тұлғалар: өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істеген тұлғалар, сондай-ақ соңғы жылы бірыңғай жиынтық төлем төлеген тұлғалар.

Барлық өтініштер бірнеше жолмен берілетін болады.

  1. Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы.
  2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BTS компаниясымен бірлесіп әлеуметтік төлемдерді алу бойынша арнайы сайт әзірледі. Сайтты іске қосу 2 сәуірге жоспарланған.
  3. Компьютерлері жоқ тұрғындар үшін 2 сәуірден бастап Telegram-бот іске қосылады. Оған қол жеткізуді ұялы телефондар арқылы жүзеге асыруға болады. Өтініште табыс жоғалған себептерді, жеке деректерді және карточкалық шотты көрсету жеткілікті.

"Сонымен қатар, ТЖ-ға байланысты табысты жоғалтқаныңызды дәлелдеу қажет емес. Ешкім де тексермейтін болады. Төлем айналымға негізделеді", - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Сайтқа қатысты барлық қосымша ақпарат Telegram-ботта және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық ресми интернет-алаңдарында орналастырылады. Ведомство басшысы өз деректерін дұрыс толтырып, жеке карточкалық шотты қосу өте маңызды екенін атап өтті. Әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін соңғы 12 айда әлеуметтік сақтандыру қорына немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ең болмағанда бір төлем жүргізілуі қажет. Кейбір тұлғалардың аталған аударымдары болмаса, келісім-шарт жасамай бейресми жұмыс істеген болса, олар да 42 500 теңге ала алады. Ол үшін олар бірыңғай жиынтық төлемді бір рет төлей отырып, өз мәртебесін қалыптастыруы қажет. Қала тұрғындары үшін бұл төлем 2 651 теңгені, ауыл тұрғындары үшін – 1 325 теңгені құрайды. Төлемді банктердің мобильдік қосымшасы арқылы және Қазпошта бөлімшелерінде жүргізуге болады. Немесе SMS арқылы.

Ол үшін өз телефонынан 5505 нөміріне СМС жолдап, қала тұрғындары үшін "GORODESP ИИН", ауыл тұрғындары үшін "SELOESP ИИН" латын әріптерімен хабарласа жеткілікті. Хабарламаны жіберген кезде қажетті сома телефон теңгерімінен алынады және мәртебесі қалыптастырылады. Содан әлеуметтік төлемді алу үшін өтініш беруге болады. Жалдамалы қызметкерлерге босатылған немесе қысқартылған жағдайда әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем төленеді. Бұл төлем жұмыстан босату себептеріне және елдегі енгізілген төтенше жағдайға байланысты емес. Жоғалтқан жалақысының 40 % мөлшерінде 6 ай бойы төленеді. Осы төлемді алу үшін egov.kz электронды Үкімет сайты арқылы жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Осы орайда, сізді жұмысқа қабылдау не қабылдамау мәселесін мекеме басшылығы өз еркімен шешеді. Себебі қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушіге жұмысқа қабылдау еркіндігі беріледі. Егер жұмыс табылмаса, өтініш беруші жұмыссыз ретінде тіркеледі және автоматты түрде әлеуметтік төлем есептеледі.

Ведомство басшысының мәліметінше, наурыз айында 12 729 адам қашықтан жұмыс тауып, ал карантиндік қалаларда 2 331 адам қашықтан жұмыс жасаған. Алайда, егер адам ұзақ уақыт жұмыссыз болып есептелсе және аударымдар болмаса, онда әлеуметтік төлемдер тағайындалмайды. Мұндай жағдайларда аталған тұлғалар жергілікті атқарушы органдардан азық-түлік жиынтығы түрінде көмек алатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік жиынтығын: АӘК алатын отбасылардың барлық балалары; көп балалы отбасылар; жасына қарамастан мүгедектігі бар барлық адамдар; мүгедектігі бар балаларды күтумен айналысатын ата-аналар, сондай-ақ жұмыссыздар алатын болады. Қазақстанда олардың жалпы саны шамамен 1,5 млн адамды құрайды. Сондай-ақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әзірленген Жұмыспен қамтудың жол картасы туралы айтып берді. Жол картасы аясында 240 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 7 мыңнан астам жоба іске асырылатын болады.

Карантинге жабылуына байланысты ірі қалаларға жол жүрудің мүмкін еместігіне байланысты кірісінен айырылған азаматтар өз өңірлеріне оралып, Жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларына қатыса алады. Жобаларға қатысу кезінде еңбекақыдан басқа бірінші айда оларға 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Министр Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайтынын атап өтті. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар рекрут пункттерін құрып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа ниет білдірушілерді шақыратын болады.

Біржан Нұрмыбетов ірі қалалардың жабылуына байланысты жұмыстан айырылған азаматтарды өз аймақтарына қайта оралуға және Жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларына қатысуға шақырды.