Талаптарға сай келмейтін өнімдерді әкелу мен сатуды шектеу туралы уақытша санитариялық шаралар енгізілді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

«Генетикалық түрлендірілген объектілерге мониторинг жүргізу кезінде Нұр-Сұлтан қаласының дүкендерінде Оңтүстік Кореяда өндірілген өнімдердің 4 түрінде генетикалық түрлендірілген соя мен жүгерінің 2%-дан 100%-ға дейін жоғары болуы анықталды. Ал генетикалық түрлендірілген объектілердің рұқсат етілген құрамы 0,9% болуы тиіс», - деді Жандарбек Бекшин.

Мәлімдеуінше, бұл – «Кляр» кепкен нан ұнтағы және жылдам дайындалатын кеспенің 3 түрі.

Ал саудадан көрсетілген өнімдерді алу бойынша тиісті іс-шаралар жасалып, ҚР-дағы импорттаушыны қарсы тексеру жүргізілуде.

«Антибиотиктердің қалдық мөлшерін анықтау бойынша құрамын бақылау мақсатында ет консервілерінің, құс шаруашылығы өнімінің, сүт өнімінің 800 сынамасы зерттелді, олардың ішінде 6 өнім сынамасында тетрациклин, левомецитин, бацитрацин анықталды. Бұл Ресей Федерациясының келесі өндірушілерінің өнімдері: «ФинИнвест», «Птицефабрика Среднеуральская», «Уральская мясная компания», Агрофирма «Боровская», «Здоровая Ферма Деликатесы», - деп мәлімдеді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Тексеріс нәтижесінде анықталған түрлі бұзушылықтарды жою мақсатында 584 нұсқама берілді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 233 іс қозғалды, 42 сот қаулысы шығарылды, сауда кәсіпорындарында 4 тоннадан астам өнім сатылымнан алып тасталды, жалпы сомасы 14,38 млн.теңгеге айыппұл салынды.