ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин сайлау барысында заң бұзушылық фактілері бойынша қалай және қайда жүгіну керектігін түсіндірді. Ол заң бойынша прокуратура органдары басқа мемлекеттік органдар сияқты азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға міндетті екенін атап өтті.

«Бірақ өтініш оны қарайтын субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жазбаша, ауызша немесе электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, бейнеөтініш нысанында жіберілуге тиіс. Бұл ретте бейнеконференцбайланыс нысанындағы өтініш және бейнеөтініш «электрондық үкімет» веб-порталында және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары арқылы жүзеге асырылады», - деп атап өтті қадағалау ведомствосының өкілі.