Жұмыс тәжірибесі және салық жүктемесі. Жеткізушіні таңдаудың сапалық өлшемдеріне тағы бір талап қосылды. Ол мемлекеттік кірістер комитетінің деректері негізінде веб-порталмен автоматты түрде анықталады және есептеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов айтып берді.

«Үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз өнім берушіні таңдау критерийін сатып алу (бастапқы) бағасы негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің (өмірлік циклінің) құны негізінде енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Егер принтерді мысал ретінде алсақ, онда оны сатып алу кезінде сатып алу бағасы ғана емес, оны пайдалану және кәдеге жарату шығындары да ескеріледі (энергияны тұтыну, картриджді ауыстыру, жөндеу, қызмет ету мерзімі, кәдеге жарату шығындары). Бұл тәсіл сапалы және инновациялық өнімдерді сатып алуға ынталандырады», - деп түсіндірді спикер.

Бірақ мұндай күрделі тәсіл жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайтынын атап өтті. Сондықтан оны енгізу сатып алушылардың дағдылары мен білімінің жоғары деңгейін және нақты әдіснаманы талап етеді. Бұл ретте мұндай тәсіл кемсітпеу мен тең қол жеткізудің жалпы қағидаттарын сақтауға кепілдік беруі өте маңызды.

«Көріп отырғаныңыздай, бүгінде мемлекеттік сатып алуды біз бюджет қаражатын пайдалану немесе игеру құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу құралы ретінде де қарастырудамыз. Қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алулар бизнесті адал салық төлеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, материалдық базаны арттыруға ынталандырады», - деп түйіндеді С.Ахметов.