Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына және тұрақтануына байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларына аралас форматта оқуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті. Білім беру ұйымдарына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, оқу пәндерінің тізбесін дербес айқындау құқығы берілді. Сондай-ақ, мектептер штаттық немесе қашықтықтан оқыту кезінде сағат санын өздері белгілеуге құқылы. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданылып жүрген жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алуы тиіс.

«Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін қашықтан асинхронды форматта өткізуді ұсынды. Қалған пәндердің барлығын 1-5 сынып оқушылары штаттық форматта оқитын болады. Денсаулық жағдайы бойынша науқас және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан оқи алады. Ерекше жағдайларда, науқастанған немесе науқастармен байланыста болған жағдайда, білім алушыларға ата-аналарының өтініші бойынша қашықтан білім алуға рұқсат етіледі. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген. Бұл қашықтан оқыту форматында білім алатын 6, 7, 8, 10 сынып оқушыларына қатысты. Сабақтан тыс уақытта жеке оқыту туралы шешім педагогтар мен білім алушылардың ата-аналарының өзара келісімі негізінде қабылданады», - деді вице-министр.

Білім және ғылым министрлігі білім беру процесіне қатысушылардың барлығына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін ескертеді. Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Өз кезегінде, білім алушылар мен педагогтар жеке гигиена ережелерін және санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс. Сондай-ақ, ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны сақтауы мен әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіру өте маңызды.

Балабақшаларда кезекші топтар өз жұмысын жалғастырады. Колледж бен ЖОО-ларда білім беру процесі осыған дейінгі қаулыда бекітілген форматта жүргізіледіғ яғни 1-курс студенттері аралас форматта оқуды жалғастырады, өзгерістер болған жоқ.