Сапасыз заң көмегін алу нәтижесінде зардап шеккен азаматтар сақтандыру өтемін алуға үміткер болуға құқылы.

Атқарушылық іс жүргізудің тараптары болып табылатын және әлеуметтік, қаржылық қиын жағдайдағы азаматтарға көмек көрсету үшін жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының базасында «әлеуметтік қор» құрылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, қор бюджеті жеке сот орындаушыларының мүшелік жарналары мен ерікті қайырмалдықтар есебінен қалыптастырылады, ал оның қызметін бақылауды жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасының Қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады.

Сонымен қатар, Әділет министрі атап өткендей, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік және қаржылық қиын жағдайдағы азаматтар үшін тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алу көзделген. Мұндай көмекті адвокаттар мен заң консультанттары клиент өтініш берген сәттен бастап оның мәселесін толық шешкенге дейін өтеусіз негізде көрсетеді.

Анықтама: 150 мыңнан астам азаматтарға мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілді. 2 мыңнан астам азаматтарға тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алды.

Ведомство басшысы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап адвокаттар мен заң кеңесшілеріне өзінің кәсіби қызметін сақтандыру міндеті жүктелгеніне назар аударды.

Енді азамат, адвокат немесе заң кеңесшісінің сапасыз заң көмегін көрсету нәтижесінде оған зиян келтірген жағдайда (оның ішінде олардың әрекетсіздігі не құжаттарды дұрыс ресімдемеу, іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алу) сақтандыру өтемін алуға құқылы. Ол үшін министр халыққа заң көмегін көрсету шартын жасасу кезінде адвокат пен заң кеңесшісінен кәсіби жауапкершілікті сақтандыру туралы шарттың көшірмесін ұсынуды талап етуді ұсынды.