Алматыда «Президент сайлауы-2019: алдағы науқанның ерекшеліктері» конференциясы өтті. Жиында белгілі саясаткерлер, саясаттанушылар, сарапшылар Қазақстанда өтетін алдағы президент сайлауы туралы пікір алмасты, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым биыл өтетін президент сайлауының алдыңғы сайлаулардан басты ерекшелігі неде екенін айтып берді.

«Жұртшылықтың айтуынша, сайлау бюллетеніне кем дегенде 6-7 адам кіреді. Биылғы сайлауда саяси спектр, саналуан саяси идеология өкілдері өздерін ұсынып отыр. Ұлттық қозғалыс өкілдері, дәстүрлі саяси партиялар, оппозициялық демократиялық күштердің өкілдері бар. Тұңғыш рет Қазақстан тарихында әйел адам сайлауға түсейін деп отыр. Қоғамның сайлау туралы пікірін өзгерте аламыз. Сайлау комиссиясы, әкімшілікке, атқарушы органдарға 92-93 пайыз деген сандардың магиясы қысым жасап жатқан жоқ. Жұрттың бәрі сайлауға қатыссын деген талап жоқ. Бұл кішкене болса да, сайлаудың дұрыс өтуіне ықпал етеді. Кандидаттардың бүкіл Қазақстанды аралауға уақыты болмайды. Мемлекеттік телеарналар көбірек дебат ұйымдастырып, ТВ, әлеуметтік желі, Ютубта жиі-жиі пікірталастар өткізу керек», - деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанға жаңа буын келді.

«1990 жылдардың басындағы ережелерді мойындай бермейтін жас ұрпақ келді. Олардың сайлау институттарына деген құрметі мен сенімі не болмақ? Жастардың қатысуымен жасалған дүниелерге назар аударыңыздар. Бұны өзін-өзі іздеу деп бағалауымыз керек. Ақылды қоғам болғымыз келсе, жастарды тартып, сайлау мәдениетін қалыптастырып, жалпы саясатқа араласуына мүмкіндік беру керек», - деді ол.

Философ Наталья Сейдахметованың айтуынша, бүгінде жастардың электроралды мәдениеті төмендеген.

«Осы жерде Бисмарктің сөзі еске түседі. Саясатқа араласпасаң, оның нәтижесінің жемісін жейсің. Қазір көп адамдар менің даусым ештеңені шешпейді деп, үйінде қалады. Алайда ел тағдыры әр адамның белсенділігіне байланысты екендігін айтқым келеді. Жастардың сайлау мәдениетін арттыру үшін интернет кеңістігінде жалпыға ортақ ресурс қалыптастыру керек», - деді Наталья Сейдахметова.