Ағымдағы жылдың қазан айында Сауда және интеграция министрлігі елордада тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша платформаның пилоттық нұсқасын іске қосты. Бұл туралы ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Қанатқақты жобаға үш ірі сауда орны қатысады: Alser, Magnum Cash&Carry, Анвар.

Ресми деректер бойынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі цифрлық платформа тұтынушылардың барлық шағымдарын/өтініштерін жинаудың, өңдеудің және мониторингтеудің орталықтандырылған орны болуы тиіс. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі цифрлық платформаның пилоттық нұсқасының 1-кезеңі аясында «тауарды айырбастау/қайтару» санаты бойынша өтініштерді жинау және өңдеу бойынша тестілеуі жүргізіледі.

Тұтынушылар платформаға weask.kz мекен жайы бойынша кіре алады және жоғарыда аталған дүкендерде сатып алынған тауарды айырбастау/қайтару бойынша өз өтініштерін/шағымдарын қалдырады. Бұл жағдайда өнім дүкеннің қайтару талаптарына сәйкес келуі керек, чектің болуы немесе дүкенде сатып алғаныңызды растау қажет.

Басқа мәселелер бойынша шағымдар/өтініштер беру функционалы пысықталуда және платформаны толыққанды іске қосу шеңберінде қолжетімді болады.

Шағым/өтініш беру үшін тұтынушыға бірнеше арна қолжетімді болады: өз сауалыңызды тікелей платформада немесе сауда орындарындағы смартфондардан QR-кодтарды оқу арқылы жолдауға болады. Тұтынушының шағымын дүкен қарайды. Егер жауап қанағаттандырылмаса, онда өтініш Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қарауына жіберіледі.