Орта және шағын кәсіпкерлік карантиндік шектеулерге байланысты ең көп зардап шекті. Аталған сала облыс экономикасының құрылымында 22,6% құрайды. Өңір әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай мәліметтерді келтіріп өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 процентке дейін жеткізу көзделген.

«Бүгінгі күнге мемлекеттік қолдауға орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен 1300 жоба ие болды. Бұл өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырғанда 21% артық. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында 392 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39% жоғары. Мұның бірден бір басты себебі үкімет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдау мөлшері 2,4 млрд теңгеден 3,7 млрд теңгеге дейін көбеюі», - деді О. Оразалин.

Сонымен қатар, өңір әкімі қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына тоқталып өтті. Жалпы, құны 8,9 млрд теңгені құрайтын 100 жобаға қолдау көрсетілді. Еңбек мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3,8 млрд теңге құрайтын 811 жобаға қолдау көрсетілді. Алдағы жылы осындай жобаларды қолдаудың көлемін ұлғайтып, мөлшерін 1,5 мыңға жеткізу жоспарланған.

Төтенше жағдай уақытында зардап шеккен кәсіпорындарға қосымша жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы 24 млрд теңге көлеміндегі 97 жобаға қолдау көрсетілді. Негізгі қарызды төлеу және төлемдер бойынша 1200 жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысанына жалпы сомасы 20,1 млрд теңгені құрайтын төлемдер кейінге қалдырылды.