ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе жасауды жоспарлап отыр. Қарағанды зауытында 2 млн доза вакцина шығарылса, қалған адамдарға қандай вакцина салынады? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерге осындай сауал жолданды. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакцинаның 2 млн дозасы жылдың ортасына дейін өндірілетінін, ал одан кейінгі вакцина көлемі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын нақтылап өтті.

«Сонымен қатар, отандық KAZ COVID IN вакцинасы шілде айында шығады деп жоспарланып отыр. Жалпы, бұл екі вакцинадан басқалары да қарастырылып жатыр. Қазіргі кезде шет мемлекеттерде екпе әзірлеушілермен келіссөздер жүргізілуде. Қазақстанға қашан, қандай көлемде, қандай вакцина әкелінетіні осы келіссөздердің нәтижесіне байланысты болады. Вакцинаның тиімділігі ескеріледі, сондай-ақ, оны тіркеу қажет. Келісімшарт жасалған соң тиісті ақпарат жарияланады», - деді М.Шоранов.

ДСМ мәліметінше, бүгінде елімізде 22 мың адам егілді, тек 70 адам ғана вакцинациядан бас тартты.