Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Қазақстандағы қашықтан оқытудың ағымдағы жағдайына арналған брифингте БҒМ вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді. Оның айтуынша, оқушылардың 70 пайыздан астамы қашықтан оқытылуда. Сондай-ақ 3 мыңға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істеуде. Бұл Қазақстандағы жалпы мектеп санының 43 пайызын құрайды. Барлық мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Оларда 547 мыңнан аса бала оқытылып жатыр. Бұл ретте оқушылардың 60 пайызы 1-ші сыныпқа барғандар.

«Мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Министрлік бұған дейін де мұғалімдерге алғысын айтып келді. Олар бір күнде 2 млн-нан аса сабақ өткізеді. Белгілі бір мәселелер барын білеміз. Бүгінде қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін 435 мың оқушыға компьютер таратылды. Оқу жылы ұйымдастырушылық кезеңдерден басталады. Ол тарификация жасау, оқу жоспарларын құру, сабақ кестесін құру. Әлеуметтік желілерде сабақтардың дұрыс өтпей жатқандығы туралы жазады. 2 млн сабақтың екеуінде ғана бөтен адамдардың араласуынан келеңсіздіктер орын алды», - деді БҒМ вице-министрі.