Түркістан облысында пневмониямен ауырған 5421 адам тіркелген, оның жартысынан көбі емделіп шықты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Бұдан бөлек, облыста коронавирус инфекциясы расталған 2079 адам тіркелді. Оның ішінде 1 911 адам (9 бала) – стационарлық бақылауда, провизорлық стационарда – 1 715 адам (7 бала). Бүгін короновирус инфекциясын жұқтырған 28 адам анықталды.

Өмірзақ Шөкеевтің атап өтуінше, Түркістан облысының 16 ауданы мен қаласында 187 медициналық мобильдік топ жұмыс істейді.

«Мобильді топтар күндіз-түні жұмыс істеуі тиіс. Осы мақсатта оларды аудан әкімшіліктері көлікпен қамтамасыз етуде. Бұл топтар науқастарды ерте анықтап, ерте ем тағайындайды немесе ауруханаға жататын науқас болса, тез арада жолдама береді», - деді ол.

Сонымен қатар, карантиндік режимнің сақталуы мен сақтық шараларын түсіндіру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Жалпы, облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзған (той, отбасылық мерекелер өткізу және т.б.) 1039 жағдай анықталып, оның 320-не айыппұл салынды, 96 адам қамауға алынды.