Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Елбасы Жарлыққа қол қояр алдында Шымкенттің тек біздің елдің ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағының дамуына ықпал ететін орталық болатынын атап өткен болатын.

Қазіргі күні бұл тарихи шешім қаламыздың болашағы үшін үлкен мүмкіндік ашты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

«Осыдан 2 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 319 млрд.теңге болса, бүгінгі күні 523 млрд.теңгеге жетті. Республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн.теңге инвестиция тартылды. 1,3 миллоннан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71 пайыздан 88 пайызға жетті. Қала бюджеті 131,2 млрд.теңгеден 455,4 млрд.теңгеге дейін ұлғайды», - деді әкім.

Айта кетейік, даму көрсеткіштері қалалық қазынаның үш есеге артық өскенін көрсетеді.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамытудың нақты жолдарын белгіледі. Сондықтан біздің басты міндетіміз - қала экономикасын серпінді дамыту және халық үшін қолайлы жағдай жасау. Экономиканың негізгі секторы - өнеркәсіп. Қалада өнеркәсіп үлесі 23% құрады. 3 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Ондағы инвестициялардың жалпы көлемі – 229,7 млрд теңге. 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 170 жоба іске асырылуда», - деп атап өтті Мұрат Әйтенов.

100 жоба іске асырылды, онда 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 66,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Жыл соңына дейін тағы 9 жоба іске қосылады.