Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Бұл ретте Шымкентте бірнеше бастама қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

«Олардың бірі 306 гектар жерді алып жатқан «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Бұл аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. «Жұлдыз» индустриалды аймағында 105 млрд теңгеге 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 60 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, Жолдауда тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуге басымдық берілген. Бұл бағытта 2 агро-индустриалды аймақ іске қосылады. Бірінші, аумағы 136 гектар жерде орналасатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенінде 28 жоба қолға алынбақ. Екіншісі, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағында биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді. Сондай-ақ, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру көзделген», - деді қала әкімі.

Жалпы, үстіміздегі жылыдң 10 айында 30,7 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Салаға бағытталған инвестиция көлемі 7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шамамен 2 есеге көп.