«Тұтынушылардың өздерінің көмегімен ғана сапасыз ішкі өндіріс пен сапасыз қызмет көрсетуге тыйым салуға болады. Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар. Осы 18 миллион тауарлар мен қызметтердің сапасын талап ететін бақылаушы», - деп мәлімдеді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында.

Министр заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер нарықтағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қойған жоқ, сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құруға жол ашқанын жеткізді.

«Біз шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгіздік және «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп нақтылады министр.

Шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі, сондай-ақ құрылып жатқан Ведомствоаралық кеңес тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық шараларды бір жерде шоғырландыруға және мемлекеттік органдармен қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.