Республика жолдарындағы апаттардың жағдайы тұрақты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді. Соңғы 6 жылда республика жолдарындағы апаттар саны 29%-ға азайды. Апат салдарынан болатын өлім-жітім - 21%-ға және жарақаттану - 26%-ға төмендеді. Апаттылық деңгейінің төмендеуі 2020 жылдың басынан байқалып отыр.

«Үстіміздегі жылдың 9 айында 8 933 ЖКО тіркелді, онда 1 265 адам қаза тауып, 11 780 адам жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары санының 22% – ға (11 484-тен 8 933-ке дейін) төмендегені байқалады, оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтар саны 19%-ға (-287, 1 552-ден 1 265-ке дейін) және жараланғандар саны 23%-ға (-3544, 15 324-тен 11 780-ге дейін) азайды», - деді С.Түсіпов.