Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуде. Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, су басу қаупі бар нүктелер айқындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев хабарлады.

Оның айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша Жол картасының әрекет ету кезеңінде 2017 жылдан бастап су тасқынына қарсы 402 іс-шара орындалды.

«Көктемгі су тасқынына аса бейім 905 елді мекен анықталды. Жол картасының іс-шараларын орындау 315 елді мекенді су басу қатерін толығымен жоюға және 314 елді мекенде болатын қатерді барынша азайтуға мүмкіндік берді. Төрт жыл ішінде инженерлік қорғау бойынша 400-ден астам іс-шара орындалды, оның ішінде қорғаныс бөгеттері мен біліктерін салу, қорғаныс құрылыстарын жөндеу, жағалауды бекіту, түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізу, автожолдарда жаңа өткізу құбырларын салу, автомобиль көпірлерін реконструкциялау және салу. Сонымен қатар, 276 елді мекенді су басу қаупі сақталуда. Осыған байланысты, өткен жылдың соңында министрліктің бастамасымен мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді», - деп хабарлады ведомство өкілі.

Сонымен қатар, жергілікті жерлерде 145 мың тонна инертті материалдар, 780 мың дана қап, шамамен 3 мың тонна ЖЖМ және 20 тоннадан астам жарылғыш заттар қоры дайындалды. Зардап шеккендерді уақытша орналастырудың 3 мыңнан астам пункті, лагерьлер орналастыру және үй жануарларын айдап әкету үшін қауіпсіз орындар анықталды. Эвакуациялау бағыттары жаңартылып, қажетті көлік есептелді.