Неге пара береді? Қазақстан бойынша 1800 кәсіпкерге «Transparency Kazakhstan» ҚҚ елдегі сыбайлас жемқорлықтың жағдайы туралы зерттеу шеңберінде сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелерін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында атқарушы директор Ольга Шиян жария етті.

«Респонденттер сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болатын аймақтар - Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары. Мемлекеттік органдар арасында бірінші орында мемлекеттік кірістер департаменті, салық қызметтері, жер қатынастары басқармалары, өртке қарсы қызметтер және аудан әкімдіктері, сондай-ақ қала құрылысы басқармасы. 1800 кәсіпкердің 8,2% пайызы сыбайлас жемқорлық жағдайына ұшырады, әрбір екінші сыбайлас жемқорлық мәмілесі ведомство немесе мемлекеттік мекеме қызметкерінің бастамасымен жүзеге асырылған. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық туралы келісімге неге келеді? Бірінші орында – жылдық салық есебін тапсыру және айыппұлдарды немесе басқа санкцияларды төлемей-ақ болдырмауға тырысқан кәсіпкерлердің жеке бұзушылықтары. Осы жылы пара мөлшері ең аз дегенде 5 мың теңгені, ең көп дегенде 200 мың теңгені құрады», - деп хабарлады Шиян.

Сонымен қатар, оның айтуынша, респонденттердің жартысынан көбі мемлекеттік органдар өз жұмыстарын атқарып жатыр деп санайды, кәсіпкерлердің 80%-дан астамы «күмәнді схемаларға» жүгінбей, өз бизнесін жасай алады деп санайды, 63,8% сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күнделікті тәжірибесінің бір бөлігі ретінде өз бетінше жүргізуге дайын.

«Ашық диалог» порталын талдау нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, ішкі істер, қаржы, денсаулық сақтау, әділет, еңбек және әлеуметтік қорғау, цифрлық даму министрлерінің, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының блогтарына сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты жиі жолдайтынын көрсетті. Өңірлік бөліністе шағымдар Алматы, Павлодар облыстары және Алматы қаласы әкімдерінің блог-платформаларына жиі түскен.

Өтініш берушілер полицияның, аудан әкімдіктерінің, мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың, салық органдары мен жеке сот орындаушыларының жұмыс сапасына наразылық білдірген. Азаматтардың пікірінше, әуре-сарсаңға салу, мемлекеттік органдардың өтініш берушілердің мәселелерін қараудағы әрекетсіздігі, қызметкерлердің біліксіздігі және мемлекеттік дерекқорлардағы техникалық қателер мен қате мәліметтердің болуы - шағымдардың негізгі себептері болған.