Темекі өнімдерін таңбалау былтыр қазан айында басталды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет болуымыз жағдайды қиындатқан жоқ па? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сұрақ қойды. Оған ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті акциздерді әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Нұрдәулет Орынтай жауап берді.

«ЕЭО тауарларды таңбалау бойынша келісімге сәйкес, әр мемемлекет өз заңнамасына сәйкес таңбалау енгізеді. Ол үшін әр мемлекет үш ай бұрын Еуразиялық экономикалық комиссиясына хабарлама жолдауы керек. Егер үш айдың ішінде ЕЭО таңбалау енгізілмесе, біз өз заңнамамыз бойынша таңбалау енгіземіз. Сондықтан біз осындай хабарлама жолдап, ЕЭО мүше мемлекеттер шешім қабылдамаған соң өз елімізде заңнамаға сәйкес таңбалау енгіздік. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссиясының саясатына қайшы келмейді», - деді Нұрдәулет Орынтай.

Оның атап өтуінше, темекі өнімдерін таңбалау мемлекеттік органға темекі бұйымдарын қадағалауға және тұтынушыларға темекі бұйымдары бойынша толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.