Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда, азаматтарға ТМККК пакеті бойынша тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Одан бас тартуға болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.

«Егер адам сақтандырылмаған болса да, ол мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек алуға құқылы, одан ешбір медициналық ұйым бас тартпау керек. Біз азаматтардың қорға жазған шағымдарын өте мұқият қараймыз», - деді Б. Төкежанов.

Спикер ТМККК негізінде әрбір адам үшін медициналық көмектің қажетті көлемі қамтамасыз етілетінін еске салды. ТМККК медициналық-санитариялық алғашқы көмекті, шұғыл стационарлық көмекті, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар және негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрін қамтиды. Мысалы, жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт, педиатр пациентті МӘМС жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан қабылдайды.

«Егер созылмалы ауруыңыз болса, әлеуметтік мәні бар аурулар және динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар бойынша есепте тұрсаңыз, онда бейінді маманның қабылдауы ТМККК пакеті бойынша да жүзеге асырылады. Қазір Қорға Qoldau 24\7 қосымшасы және әлеуметтік желілер арқылы кепілдендірілген көмек көрсетуден бас тартқан емханалар туралы шағымдар жиі келіп түседі. Тағы да қайталаймын, ТМККК пакетіне кіретін көмекті көрсетуден бас тартуға жол берілмейді», - деді Қор басшысы.

Сонымен қатар, сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек қызметтердің кеңейтілген тізбесі бойынша көрсетіледі. Пациенттердің жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық тексеру, мектеп медицинасы, бекітілген тізбе бойынша шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. МӘМС пакетінде медициналық көрсеткіштер бойынша инфаркт, инсульт, түрлі жарақаттар мен операциялық араласулардан кейін, сондай-ақ балалардың созылмалы аурулары кезінде пациенттер үшін медициналық оңалту қолжетімді.

«Әрине, биыл еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды, пандемия медициналық сақтандыру есебінен ұсынылатын консультацияларға, диагностикаға, оңалтуға қолжетімділікті арттыру бойынша жоспарларымызды өзгертті. Емханалар мен ауруханалар енді қалыпты режимге оралды және халыққа жоспарлы көмек көрсетуде», - деп атап өтті Төкежанов.