Түркістан облысы бойынша COVID-19 инфекциясын 132 медицина қызметкері жұқтырған, оның 24-і емделіп шықты. Өкінішке орай, 5 дәрігер пневмониядан көз жұмды. Коронавирустан қайтыс болған ақ халаттылардың отбасыларына тиісті жәрдемақы төленеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев осылай деді.

«Қиын-қыстау кезеңде өзінің жанын аямай, науқастарға дер кезінде көмек көрсеткен дәрігерлердің еңбегі ерен. Мен оларға алғыс айтамын. Өкінішке қарай, індеттен көз жұмған дәрігерлер де бар. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету – біз үшін парыз», - деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында коронавирус індетімен күреске тартылған 17 368 медициналық қызметкерге наурыз-маусым айларында 2,8 млрд теңге берілді.