Төтенше жағдай режимі кезінде 4,6 млн.қазақстандық «42 500 теңге» әлеуметтік төлем алды, 1 млн. астам адам азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

«Әлеуметтік төлемге 8 млн.азамат өтініш берді, 4,6 млн. адамға төлем тағайындалды, ол жалпы сомасы 321,9 млрд. теңгені құрайды», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, министр жұмыстан айырылуына байланысты төлемді тағайындау процесін жеделдету мақсатында жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі 14-тен 3 жұмыс күніне дейін қысқарғанын хабарлады.

«ТЖ режимі кезеңінде 108,9 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде қайта тағайындалды. Сондай – ақ, осы кезеңде мүгедектік пен мүгедектік бойынша төлем мерзімі автоматты түрде 3 айға ұзартылды», - деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.