Тұмауға қарсы екпе, басқа ауруларға, оның ішінде COVID-19 қарсы иммунитетті төмендететіні рас па? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерге осындай сауал жолданды. ҚР ДСМ ҚДСҰО санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Лена Қасабекова пікірінше, тұмауға қарсы вакцина, керісінше, адамдарды тұмаудан қорғап, коронавирус пен тұмаудың асқынуларының қатар жүруінен сақтайды.

«Коронавирус инфекциясы пандемиясына дейін елімізде жыл сайын тұмауға қарсы егіліп жүрген қауіпті топ халықтың 10 пайызын құраған. Ал пандемия басталғалы ДДСҰ бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін көтеру керек деген ұсыныс жасады. Себебі, КВИ кезінде қауіпті топтар арасында жоғары сырқаттанушылық белгілері, асқынулар және өлім-жітім көп болды. Тұмауға қарсы егілмеген адамдар тұмаумен ауырып, қосымша коронавирус жұқтырғанда, бұл көсеткіштер артты. Меніңше, бұл екі жұқпалы аурудың қауіп топтары бірдей: медицина қызметкерлері, 65-тен асқан ересек адамдар, созылмалы аурулары бар адамдар. Сондықтан керісінше, тұмауға қарсы вакцина адамдарды тұмаудан қорғап, КВИ мен тұмаулық асқынулардың қатар жүруінен сақтайды. Сондай-ақ барлық зерттеулер тұмауға қарсы вакцинаның КВИ-ге қарсы иммунитетті төмендетпейтінін дәлелдеп отыр», - деді маман өз жауабында.

Сондай-ақ, ол қастандық пен вакциналардың зияны туралы қауесеттерді жақсы қаржыландырылатын вакцинацияға қарсы қозғалыстар тарататынын айтты. Олардың белсенділігі, әдетте, бүкіл әлем бойынша қосымша иммундау кезеңінде байқалады. Бұл кез келген профилактикалық егулерге қатысты. Айта кетейік, жыл сайын екпе жасатудан «бас тартушылар» саны түрлі себептермен көбейіп келеді.