Неге Парламент табиғат қорғау заңнамасына қажетті түзетулерді «көптеп» қабылдайтын, Экология министрлігінің орталық аппараты отырыстар өткізетін Қазақстанның елордасында әлі күнге дейін түтінтұманды жою мүмкін болмай отыр? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер ведомство басшысына осындай өзекті сұрақ қойды.

Мағзұм Мырзағалиев анық жауап берді: түтінтұманды жоюға болады, мен оны жоятынымызға сенімдімін. Оның айтуынша, бұл үшін барлық алғышарттар бар.

«Елбасының тарихи шешімінің арқасында «Сарыарқа – Орталық – Солтүстік Қазақстан» газ құбыры тартылғанын білесіздер. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында үйлерді қосу басталды. Біз бұл мәселені үнемі қадағалап отырамыз, ұдайы біздің назарымызда. Менің білуімше, қалада 300 шақырымнан астам үлестіру құбыры салынды, мыңға жуық техникалық шарт берілді, 300-ге жуық үй қосылды, тағы бірнеше мың өтініш келіп түсті. Бірақ объективті тұрғыдан алып қарағанда, тұрғындардың көбі көмір сатып алды, сондықтан олар газға ауысуға асықпайды. Олар дайын, бірақ алдымен көмірімізді бітіріп алайық деп айтады. Екіншіден, ЖЭО-ны газдандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Төрт су жылыту қазандығы қазірдің өзінде газға ауыстырылды, биыл қалған қазандықтар ауыстырылады, осылайша мен осы қаланың тұрғыны ретінде келесі жылыту маусымына қарай ауа таза болады деп үміттенемін», - деді ведомство басшысы.