Қыркүйек айында ауру деңгейі төмен болғанда орта және жоғары сынып оқушылары неге онлайн режимде оқыды, ал қазір эпиджағдай күрделі болып тұрғанда олар аралас форматқа ауыстырылды? Ата-аналарды алаңдатып отырған бұл мәселе БҒМ басшысының қатысуымен өткен ОКҚ өткен брифингте көтерілді. Асхат Аймағамбетов бұл мәжбүрлі шара деп жауап берді.

«Бұл өте маңызды шешім, ол бірнеше айдан кейін қорытынды аттестаттау, мемлекеттік емтихандар тапсыратын балаларға қатысты. Біз тоғызыншы және он бірінші сынып түлектері туралы айтып отырмыз. Балалар барлық бағдарламаның 70%-ын дәстүрлі режимде, 30%-ын қашықтықтан оқиды. Бұл ҰБТ-да болатын пәндер. Атап айтқанда, математика, қазақ тілі, орыс тілі, шетел тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия. Әрине, санитарлық нормаларға қойылатын талаптар сақталады: бір кабинет, үзілістер әр түрлі уақытта болады және әлеуметтік қашықтық сақталады. Осы мәселелердің барлығы міндетті түрде сақталады», - деп сендірді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, білім министрі мұғалімдер жеткілікті екенін нақтылап өтті. Ал олардың еңбекақысы бөлінген сағаттарға, кезекші сыныптарға байланысты болады.