Коронавирустық пандемияның жаһандық жағымсыз салдары аясында Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау жөніндегі шараларды іске асыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында сөйлеген сөзінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 1 трлн.теңге бөлінді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» 123 мың жұмыс орнын құрумен өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 5,9 мыңға жуық жобаны іске асыру басталды.

Сондай – ақ, министр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 184 мың азаматты жұмысқа орналастыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 5 мың км республикалық және 4 мың км жергілікті жолдарды салуға және қайта жаңартуға 200 мың адамды тарту, «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын қол жеткізілген көрсеткіштер ретінде атап өтті.

Жалпы, ұлттық экономика министрлігі басшысының мәліметінше, Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл соңына дейін жұмыспен қамту шараларымен 1,2 млн.астам азамат қамтылады.

«2 млн. астам жұмыс орнын сақтау және тұрақты еңбекақы төлеу үшін әкімдер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында 140 мың меморандум жасалды. Бұдан басқа, 1,1 млн. астам қызметкер жұмыс істейтін 1 мыңнан астам ірі кәсіпорынмен еңбек ресурстарының басқарылатын ағыны бойынша Жол карталары әзірленіп, қол қойылды»,- деп толықтырды Р. Дәленов.