Елорда әкімдігі үш шаруа қожалығымен 703 млн теңгеден астам сомаға «форвардтық келісім-шарт» жасасты. Кәсіпкерлер желтоқсан айынан 2021 жылдың мамыр айына дейін жеміс-көкөніс өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының базарларына жеткізеді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина мәлімдеді.

«Келісімшарттар ескі егін аяқталып, жаңасы әлі пісіп үлгермеген кезде жасалады. Осылайша, біз өнімдерді сөреге өткіземіз. Биыл қыста бағаның күрт өсуі күтілмейді - айналым механизмі өзінің тиімділігін дәлелдеді», - деді спикер.

Сонымен қатар, жаңа көтерме-тарату орталықтары да бағаны тұрақтандыруға және өнімді үздіксіз жеткізуге септігін тигізеді.

«Жалпы ауданы шамамен 50 мың шаршы метр болатын 3 көтерме-тарату орталығын салу үшін инвесторлар тартылды, олардың құны шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Жобалар 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған», - деді Ермолдина.