Қазақстанда сот сараптамасы өндірісінің бір бөлігі аутсорсингке беріледі.

Халық алдында есеп беру кездесуі барысында Марат Бекетаев сот-сараптама қызметі саласындағы бәсекелестік ортаны одан әрі дамытуға бағытталған қадамдардың бірі - сот сараптамаларының жекелеген түрлерін жеке ортаға беру деп атап өтті.

М. Бекетаевтың айтуынша, Әділет, Ішкі істер министрліктері мен Бас прокуратура ішкі істер органдары тағайындайтын сот сараптамаларының жекелеген түрлерін аутсорсинг арқылы бәсекелестік ортаға беру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Осылайша, аталған бұйрыққа сәйкес Алматы, Шымкент қалаларында және Павлодар облысында пилотты жоба іске қосылды, ағымдағы жылғы маусым айының соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылады.

Бұл ретте, аутсорсингке сараптаманың келесі түрлері беріледі: тауартану, құрылыс, автотауартану, трассологиялық, психологиялық-криминалистикалық, психологиялық-филологиялық, ЖКО және КҚ мән-жайларын сараптау, компьютерлік технология құралдарын сараптау және тірі адамдардың сот-медициналық сараптамасы.

Айта кету керек, бүгінгі күннің өзінде Шымкент қаласы мен Павлодар облысында пилоттық жоба аясында жеке сот сарапшылары қылмыстық істер бойынша 164 түрлі сот сараптамаларын жүргізді (ағымдағы жылғы мамыр - 17 маусым аралығындағы жай-күй бойынша):

Жалпы, жоба келесілерге ықпал етеді деп болжануда:

  • сараптама жүргізу мерзімдерін қысқарту, әсіресе, адамдар қамауда отырған қылмыстық істер бойынша өзекті;
  • мемлекеттік сарапшыларға жүктемені төмендету;
  • жеке сот сараптамасы институтын дамыту;
  • мемлекеттік бюджет шығындарын қысқарту.

Анықтама: Әділет министрлігі 2018 жылғы қараша айынан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жеке сот сарапшыларына бастапқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды соттардың тағайындауы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырды. 2019 жылы жеке сот сарапшылары азаматтық істер бойынша 706 сот сараптамасын жүргізді. Бұл мемлекеттік бюджет шығындарын 42 млн. теңгеден астам сомаға қысқартуға мүмкіндік берді.