Қостанай облысында ұлы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай бірқатар ауқымды шаралар өткізілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мәлім етті. Оның айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын Ы.Алтынсариннің кесенесі салынған болатын. Қазіргі кезде визит орталық жасалып жатыр. Сонымен қатар, биыл Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш орнатылды.

«Ескерткіш көпшіліктің сұрауымен мердігерлердің, демеушілердің қаржысына орнатылды. Бірақ ондағы жазудан қателер табылды. Мүсіншінің жобасында бәрі дұрыс болғанымен, ескерткішті құю кезінде қате кеткен. Ол аптаның ішінде түзетілді. Қазір ескерткіштегі жазу дұрыс», - деді облыс әкімі журналистің қойған сұрағына берген жауабында.

Бұдан басқа, ол Қостанайдағы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын Ы.Алтынсарин атындағы көшенің жөнделгенін жеткізді. Осы мақсатта 900 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Осы көшеде орналасқан көпқабатты үйлердің қасбеттері қалыпқа келтірілді, шатырлары жөнделді.