Қала маңындағы елді мекендерді сапалы Интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна-матчталық құрылғылар орнатылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин журналистің қойған сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтанда немесе басқа да үлкен қалалардың маңындағы елді мекендерде қала ішіне кіретін жер үйлерді оптикалық интернетпен қамту қымбатқа түседі. Сондықтан қазіргі кезде мобильдік интернеттің сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Оптиканы әр үйге тарту қымбат. Мысалы, Қосшыда 3-4 ай бұрын антенна-матчталық құрылғылар орнату жұмыстары басталды. 10-ға жуық антенна -матчталық құрылғы салынды, қазір бесеу іске қосылды», - деді министр.

Б.Мусиннің атап өтуінше, антенна-матчталық құрылғылар орнату жоспарлары әр қала бойынша бекітіледі және ведомство сайтында жарияланады. Ал «оптикалық» интернетті тұрғындар көршілермен бірігіп операторарға жүгіну арқылы өз қаржысы есебінен тарта алады.