Алматыда коронавирус індетіне шалдыққан науқастарды емдеуге стационарлық деңгейде 1700-ге жуық адам тартылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров хабарлады.

«Қазіргі кезде Алматыда инфекциялық стационарларда 236 дәрігер, 310 орта және 393 кіші медицина қызметкерлері науқастарды емдеуде. Провизорлық стационарларда 86 дәрігер, 216 орта және 158 кіші медицина қызметкері жұмыс істеп жүр. Қала әкімдігі оларға баса назар аударады, олардың жұмыс істеуіне және ауысымнан кейін демалуына қолайлы жағдай жасауда. Сонымен қатар, әріптестеріміздің қауіпсіздік мәселесіне де басымдық беріліп отыр», деді Қ.Надыров.

Оның айтуынша, коронавирустың таралуының жаңа толқынына дайындықты қамтамасыз ету үшін дәрігерлердің, орта және кіші медицина қызметкерлерінің қосымша бригадасы жасақталуда. Волонтерлар мен дәрігер резиденттер тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен еліміздің жетекші мамандары инфекциялық қауіпсіздік және жаңа клиникалық хаттамаларды зерттеу мен емдеу мәселелері бойынша тұрақты түрде біліктілікті арттыру бойынша онлайн курстар өткізеді. Біздің дәрігерлер КВИ емдеуде ең өзекті әрі заманауи әдістерді қолданады», - деп мәлімдеді Басқарма басшысы.