Елордада коронавирустық инфекцияның жаппай таралуының алдын алу шаралары күшейтілді.

23 маусымнан бастап барлық аумақтық емханаларда жоспарлы тексерулер, скринингтер, профилактикалық стоматологиялық қызметтер, оңалту қызметтері, тәулік бойы және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу тоқтатылады. Алдын ала жазылу және патронаж бойынша жоспарлы консультациялық көмекті қашықтықтан форматына ауыстыру ұсынылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз конференциясында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді.

Сонымен қатар, денсаулығы нашарлаған жағдайда қадағалаушы дәрігер тиісті медициналық қызметтер көрсетеді. Спикердің ақпараты бойынша, диспансерлік есепте тұрған тұлғаны амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде рецептілер жазып беру және дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу арқылы қашықтықтан жүргізілетін болады. Халықты вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Жүкті әйелдерге УДЗ жүргізу бұрынғы режимде қалады.

«Бас санитарлық дәрігер қаулысымен балабақшалардағы кезекші топтардың қызметі тоқтатылды, ата-аналарға қашықтан жұмыс істеу ұсынылды. «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ-мен бірлесіп, 23 маусымнан бастап ХҚКО-ның жұмыс кестесін сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін өзгерту туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті С.Кисикова.