Нұр-Сұлтанда коронавирусты жұқтырған азаматтардың саны үлкен қарқынмен өсуде.

17 маусымдағы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта елордада коронавирустық инфекцияны жұқтырған 2 951 адам тіркелген. Соңғы 3 күн ішінде қалада күн сайын орташа есеппен 150-ден астам жаңа КВИ жағдайлары тіркеледі, оның 50% - ы симптомсыз.

Анықтама:

  • жедел медициналық көмекке жүгіну саны 3,5 есеге артты (өткен тәулікте 3700), көрсетілген медициналық көмек саны 2 есеге артты (2 мыңнан астам).

  • КВИ клиникасымен (427) шақырулар саны 8 есеге артты.

  • өткен тәулікте желіде шақыруларға қызмет көрсететін 110-нан астам жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді.

С.Кисикова атап өткендей, жедел медициналық көмек көрсету үшін емхана деңгейінде қосымша көлік құралдары тартылды. Бұдан басқа, халықпен кері байланысты күшейту үшін жедел медициналық көмек станциясының базасында қосымша Call-center құрылды.

Зерттеу жүргізу үшін қалада қуаттылығы 5 мың зерттеу жүргізетін 8 зертхана жұмыс істейді. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша 170 мың тест жүргізілді. Қазірде 40 мыңнан астам тест бар. Қосымша ПТР-тесттер мен өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынады.

С.Кисикова астаналық тұрғындарға зертханалық қызметке үлкен жүктеме түсірмеу және тест жетіспеушілігінің алдын алу үшін тек айқын симптомдары бар және байланыста болған адамдарға ғана тест тапсыру қажет деді.