Жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу шараларының ішіндегі ең тиімдісі – вакцинация. Адамдар арасындағы екпеге деген сенбеушілік вакцинацияның тиімділігі туралы ақпараттың аз болуынан және оның әсер ету механизмін түсінбеушіліктен туындайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифинг барысында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл осындай пікірін жеткізді. Оның айтуынша, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

«Дәрігерлер, әсіресе, коронавирус жұқтырған науқастармен тығыз жұмыс істейтін дәрігерлердің пікірлері айтуылуы керек. Вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігін түсіндіру үшін отандық вакцинаның әзірлеушілер үндеу жасауы тиіс. Вакцинация - бұл тиімді шаралардың бірі. Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Бір жылдан астам уақыттан бері бұл індет Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейін тек вакцина ғана төмендете алады. Нәтижесінде, шектеулер азайып, күзге қарай бетпердені де шешуіміз мүмкін. Ақпараттық жұмыстар көбірек жүргізілуі керек. Вакцина керек, ол бізді келесі аурудан қорғайды», - деді маман.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде коронавирусқа қарсы вакцинаға еш қатысы жоқ 2-3 жыл бұрын түсірілген видеолар тарап жатыр. Бұл ретте Манар Смағұл халықты ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.