Вакцинацияның электронды паспорттың заңды күші бар ма? Егер электронды паспорт болмаса, қандай шектеулер қойылады? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановқа тілшілер осындай сұрақ жолдады.

«Қағазсыз аурухана дейміз, барлық ақпарат, операциялар, процедуралар ақпараттық жүйеге енгізіледі. Ақпарат тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халыққа қолжетімді болады. Оны m-gov мобильді қосымшасы, QR-код арқылы білуге болады. Вакцинация өткізу туралы деректер Министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау, сондай-ақ сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Ал паспорт болмаған жағдайда, ұшаққа отырғызбау және т.б. шектеулер қарастырылмаған», - деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі өз жауабында.

Сонымен қатар, М.Шоранов «чиптеуге» қатысты бұл вакцинацияға қарсы адамдардың негізсіз мәлімдемесі екенін атап өтті.