Еліміздің жетекші инфекционисі үй карантиніндегі ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар үшін бірқатар қарапайым ұсыныстар берді.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сарапшы ретінде сөйлеген сөзінде республиканың жетекші инфекционисі, профессор Динагүл Баешева сәйкесінше санаттағы азаматтардың өзін-өзі оқшаулауын ұйымдастыру үшін бірқатар ұсыныстар айтты.

Осылайша, маманның ұсынымы бойынша, ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар, сондай-ақ сырқаты жеңіл түрде өтіп жатқан адамдар өзін-өзі оқшаулауға жатады. Бұл адамдар мүмкіндігінше ауа баптағыштарды қолданбай, бөлек, жақсы желдетілетін бөлмелерде орналасуы тиіс. Бұл бөлмелерді міндетті түрде күніне екі рет 30 минуттан жақсылап желдету қажет.

Ауруды жұқтырғандар қол тигізетін барлық үстіңгі беттерді (қабаттарды) антисептиктермен немесе сабынды сумен сүрту қажет. Міндетті түрде жайларды ылғалды түрде тазарту қажет.

Отбасының барлық мүшелері жайларда медициналық бетперде тағып жүруі тиіс. Барлық вирус тасымалдаушылар отбасы мүшелерімен байланыстан барынша аулақ болуы тиіс. Қоғамдық орындарға шықпауы, достарымен кездесулер өткізбеуі тиіс.

Вирус тасымалдаушыларда жеке ыдыс болуы тиіс.

«Осы қарапайым ережелерді сақтау тез арада сауығып, отбасы мүшелерінің, туыстарының денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Д.Баешева.