27 желтоқсанда қазақстандықтар «Астана» телеарнасынан «Жұлдыздар Шеруі» атты алғашқы киноконцертті ТВ форматта көре алады. Шараға қатысушылар Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сиқырлы Disney әлеміне саяхат туралы толығырақ баяндады.

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжунусованың айтуынша, Disney-дің ресми киноконцерттері Лондон, Сан-Франциско, Токио, Сидней, Париж, Мәскеудің үздік концерт залдарында өтуде. «Жұлдыздар Шеруі» киноконцерті – Қордың Қазақстанда өткізіп жатқан үшінші лицензиялық киноконцерті. Бұл қордың әлемге әйгілі киностудиямен көпжылдық ынтымақтастығының нәтижесі.

«Алдыңғы киноконцерттерді 5 мың адам тамашалады, олар жартылай қайырымдылық болды, өйткені біз қаражат жинадық. Киноконцерттің ерекшелігі – Қазақстанға арнайы жасалғандығы. Телеарнада алғаш рет Disney -дің ең үздік фильмдерінің ең жақсы үзінділерін көре аласыздар, оған 11 фильмнен 22 композиция кірді. Олар 11 музыкалық «Оскар» алған. Мен осындай жаһандық жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Киноконцертке көп адам, музыканттар, симфониялық оркестр қатысты. Диснеймен ынтымақтастықта жұмыс істеген өте қызықты. Себебі әлемдік деңгейдегі компаниямен жұмыс істеу – бұл, бірінші кезекте, жоғары стандарттар, лицензияға, орындаушыларға, ұйымдастыру жұмысына қойылатын өте жоғары кәсіби талаптар. Кезінде 35 кинокартинаның дубляжы барысында бірқатар қиындықтарға тап болдық, қазір бұл жұмыс ретке келтірілді», - деді Шайжүнісова.

Киноконцерт – бұл эстрадалық-симфониялық оркестр мен танымал орындаушылардың сүйемелдеуімен Disney фильмдерінің үзінділерін үлкен экранда тамашалау. Киноконцерттің ерекшелігі – оның интерактивті форматы. Музыка оркестрге темпоритмді орнататын экрандағы әрекетке дәл байланысты болуы керек.

«Жұлдыздар Шеруі» киноконцертінің бірегей бағдарламасы Қазақстан үшін арнайы жасалған. Бағдарламаға Disney-дің аты аңызға айналған 11 мультфильмінен қазақ тілінде 22 композиция кірді: «Сұлу мен Құбыжық», «Аладдин», «Моана», «Мұзды Өлке», «Арыстан Патша», «Мулан» және т.б.. Әндердің басым бөлігі «Болашақ» қоры қазақ тіліне дубляждаған фильмдерден алынған.