Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттарының заңнамалық бастамалары жөнінде және Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ-ның Конвенциясын орындау жөніндегі Қазақстанның бесінші мерзімді баяндамасын қорғау қорытындылары туралы мәлімдеді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік мәселесін ілгерілету бойынша елеулі табыстарға қол жеткізіді. Саяси ерік-жігердің арқасында тарихи қысқа мерзімде республикада ұлттық гендерлік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылды.

Біріншіден, отбасылық және гендерлік саясатты үйлестіруші орган -Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Сонымен қатар барлық өңірлерде әкімдер жанында осындай комиссиялар жұмыс істейді. Екіншіден, әйелдер құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі құрылды.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы мен Бейжін декларациясына қосылу, Конвенцияға қатысты Факультативтік хаттаманы ратификациялау негізінде Қазақстан әйелдер құқықтарының сақталуы мен қорғалуының кепілдігін растады.

Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан 2018 жылы 149 елдің арасында гендерлік алшақтық рейтингі бойынша білім беруден - 30-шы орынға, денсаулық бойынша – 42-ші орынға және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін іске асыру бойынша 32-ші орынға ие болды.

БҰҰ-ның Даму Бағдарламасының есебіне сәйкес Қазақстан 2018 жылы «гендерлік даму деңгейі өте жоғары» елдердің рейтингіне еніп гендерлік даму индексі бойынша 160 елдің ішінде 58-ші орынға ие болды.

Бұрынғы кеңес үкіметі елдерінің кеңістігінде тек Қазақстанда ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері бар (135 қызметкер).

Қабылданып жатқан іс-әрекеттерге қарамастан отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны өсуде. 2017 жылы осы салада 446 қылмыс тіркелсе, 2018 жылы- 919 қылмыс есепке алынды, ал 2019 жылдың 9 айында - 759 қылмыс жасалған.

Ағымдағы жылы полиция отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушыларға қарсы 58 мың қорғау нұсқамаларын шығарып, 6 мыңнан астам ерекше талаптар қойды. 15 мың әйелге консультациялық көмек көрсетілді, 1500 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау үшін депутаттар тобы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерін кеңейту, уәкілетті органдардың нақты өкілеттіктерін бекіту, алдын алу субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл тетігін айқындау, қорғау нұсқамасының мерзімін ұлғайту, құқық бұзушының түзету бағдарламасынан өтуін енгізу ұсынылады.

Бұдан басқа, депутаттар тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасап отыр. Бұл заң жобасында еңбек қатынастары саласындағы кемсітушілік ұғымы нақтыланып отыр, жұмыс берушілердің кемсітушілік фактілерін жасырғаны үшін жауапкершілігі, отбасының экономикалық, тәрбиелік, тұрмыстық және басқа да функцияларын орындауда екі ата-ананың жауапкершілігі заңнамалық түрде бекітіліп отыр, сонымен қатар әйелдердің экономикалық және саяси ілгерілеуіне ықпал ететін нормалар енгізілген.

Аталған заң жобалары отбасындағы зорлық-зомбылыққа нақты қарсы тұруға, әйелдерге қатысты кемсітушілік көріністерімен күресуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың қазан айында Ұлттық комиссия бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп Женева қаласында БҰҰ-ның бейінді комитетінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция ережелерінің орындалуы туралы Қазақстанның бесінші кезеңдік баяндамасын қорғады. Қорғау барысында делегация басшысы гендерлік саясаттың ұлттық моделін қалыптастыруға, гендерлік теңдікте айтарлықтай прогреске қол жеткізуге, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, әйелдерді экономикалық және саяси ілгерілетуге жағдай жасауға мүмкіндік берген Қазақстанның заңнамалық, институционалдық және практикалық деңгейлерінде жүргізілген негізгі өзгерістері туралы хабарлады. Қорғау нәтижесі бойынша БҰҰ Қазақстандағы гендерлік саясаттың жүргізілуін оң бағалады.

Алдағы уақытта Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру, Тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының әйелдер мен балалар құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда.