С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 350 қызметкері коронавирустық инфекция пандемиясымен күреске жұмылдырылды. Университет клиникасының ішкі аурулар орталығында 100 төсек-орын әзірленді. Бұл туралы ҚазҰМУ ректоры, профессор, медицина ғылымдарының докторы Талғат Нұрғожин Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Оқу жылының көп бөлігі COVID-19 пандемиясымен күрес кезеңінде өткенін назарға ала отырып, профессорлық-оқытушылар құрамы Алматы қаласында ұйымдастырылған инфекциялық және провизорлық центтердің жұмысына белсенді қатысты. Жалпы, қаланың емханалары мен стационарларының жұмысына университеттің 350 қызметкері жұмылдырылды. Университет клиникасының ішкі аурулар орталығында 100 төсек-орын орналастырылды, онда 2020 жылдың наурыз-маусым аралығында 150 науқас емделді», - деді Нұрғожин.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 6 шілдеде COVID-19 науқастарын диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша халыққа консультациялық көмек көрсету үшін «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ базасында «Пациенттерге мониторинг жүргізу орталығы» құрылды. Орталық жұмысы үш деңгейлі жүйе бойынша ұйымдастырылған: біріншісі, резиденттер-тәулік бойы байланыс орталығының операторлары анықтамалық ақпарат береді және мамандармен байланыстырады; екіншісі, профессорлық-оқытушылық құрамның кезекші дәрігерлерінің бригадалары үй жағдайында КВИ, пневмония және ілеспе ауруларды емдеу және мониторингтеу мәселелері бойынша қашықтан консультациялар береді; үшінші, «тар» мамандандырылған сарапшы дәрігерлер- пациент-БМСК дәрігері режимінде видео-консультация өткізеді.

Тәжірибесі мол 40-тан астам маман, оның ішінде кардиологтар, инфекционистер, гастроэнтерологтар, эндокринологтар, аллерголог - иммунологтар, пульмонологтар, хирургтар және басқалары бір айдың ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі пациенттерге мыңнан астам онлайн-консультация берді. Консультация беру жұмыстары 24/7 режимінде жалғасуда.