Жедел жәрдем бригадаларының барлық қызметкерлері коронавирусты инфекциямен ауыратын науқастарды анықтау кезінде іс-қимыл алгоритміне оқытылды.

Коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес жедел медициналық көмек деңгейінде коронавирустық инфекцияға күдікті пациенттің маршрут схемасы бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен сараптамалық онлайн-брифинг барысында Шұғыл медициналық үйлестіру Ұлттық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бахтияр Жүсіпов мәлімдеді.

Сарапшының ақпараты бойынша, жедел жәрдем бригадасымен шақыруға қызмет көрсету кезінде бірінші кезекте пациенттің жалпы жағдайы, ентігу, минутына тыныс алу жиілігі, қан оттегімен қанығу деңгейі (сатурация) бағаланады және осы көрсеткіштерге байланысты одан әрі тактика анықталады. Аурудың жеңіл ағымы анықталған, ентігу және қауіп факторлары болмаған жағдайда пациент кейіннен емхананың учаскелік дәрігерлерінің қадағалауымен үйде қалдырылады.

Маман атап өткендей, пациенттің ауыр немесе орташа ауыр ағымдары (жүктеме кезінде ентігу, қызба, шамалы жөтел, әлсіздік, катаралды синдром), сондай-ақ қауіп факторлары бар (жасы 60 жастан асқан; қант диабеті, СЖЖ, өкпенің созылмалы ауруы, СЖН, жүктілік сияқты созылмалы аурулардың болуы) пациенттерді одан әрі емдеу үшін стационарға тасымалдау жүзеге асырылады.

"Қазіргі уақытта жедел жәрдем бригадаларының барлық қызметкерлері коронавирусты инфекциямен ауыратын науқастарды анықтау кезінде іс - қимыл алгоритміне оқытылды, барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, жеке қорғану құралдарымен жабдықталған", - деп атап өтті Б.Жүсіпов.

Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, жедел жәрдем стансалары жанынан білікті мамандармен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетуге бағытталған Call-орталықтар құрылған. Анықтама: 2020 жылдың сәуір айында Call-орталықтарына 26 388 қоңырау, мамыр айында - 21 194 қоңырау, 1-15 маусым аралығында 13 965 қоңырау келіп түсті.

Бахтияр Жүсіпов өз сөзінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылдың мамыр айында жедел медициналық жәрдемнің 11 823 қызметкері 2 млрд. теңгеден астам сомаға қосымша төлем алды.